Қазақстанға заңсыз көлік әкелу фактілері анықталды

Мемлекетке 400 млн теңгеден астам залал келген
Sputnik
АЛМАТЫ, 5 желтоқсан – Sputnik. Көлік прокурорлары автомобильдерді әкелудің "теріс схемаларын" анықтады, деп хабарлайды бас көлік прокуратурасы.
Қазақстанда биыл жыл басынан 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру басталған болатын. Халыққа бұл туралы толық мәлімет берілді. Алымның бір реттік мөлшерлемесі 200 мың теңге болған еді.
"Алайда пайдакүнемдер бұл жағдайды теріс пайдаланған. Алматы қаласында, БҚО және ШҚО-да заңбұзушылықтар анықталды. Мемлекетке 400 млн теңгеден астам залал келді. Басқа аймақтар тексеріліп жатыр", - дейді ведомство.
Мәселен, қырғыз жерінен әкелінген темір тұлпар заңсыз көлік болып шықты.
"13 сәуірде пайда көруді көздеген азаматтардың бірі жалған құжаттарды, оның ішінде Қырғыз Республикасында көлікті тіркеу туралы 2021 жылғы куәлікті және сатып алу-сату шартын ұсына отырып, "Toyota Highlander" маркалы шетелден әкелінген машинаны қазақстандық есепке тіркеген. "Теріс схеманы" көлік прокурорлары америкалық сайттармен мәліметтерді салыстырғанда білген", - дейді көлік прокуратурасы.
Көлік 2022 жылы 12 қазанда "Copart" аукционында сатылып, биыл сәуірде Қазақстанға әкелінген.
Бір ғана Алматы қаласында осыған ұқсас 160 факті анықталған.