АЛМАТЫ, 5 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысында тұрғын үйлер заңсыз жекешелендірілген, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Ақмола облысының прокуратурасы жергілікті әкімдіктердің қызметінде тұрғын үйлерді тексерген. Жалпы облыс бойынша тұрғын үйге 23 мыңнан астам адам кезекте тұр. Әкімдіктер соңғы үш жылда 900-ге жуық пәтер бөлген.
"Тексеру кезінде тұрғын үйді заңсыз берудің, сондай-ақ тұрғын үй беру негіздері жойылғаннан кейін адамдарды шығармаудың 23 фактісі анықталды. Мысалы, Көкшетау қаласында тұрғын үй бюджеттік ұйымның бұрынғы қызметкеріне берілген. Ол бұған дейін 2 жыл бұрын пара алғаны үшін сотталған және баспана берілген кезде бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жүрген", - дейді прокуратура.
Тұрғын үйді заңсыз жекешелендірудің 2 фактісі анықталды.
Мәселен, аудан орталықтарының бірінде азамат жекешелендіруден жарты жыл бұрын өзге аймақта орналасқан келесі пәтерін сатқан.
"Қадағалау актісі бойынша жекешелендірілген пәтер мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ коммуналдық тұрғын үйді заңсыз жалға берудің салдарынан бюджетке 50 млн теңге жалдау төлемдері төленбеген", - дейді ведомство.
Тағы бір заңсыздық, аз қамтылған азаматтарға табыстарын алдын ала тексермей жатып, тұрғын үйлер берілген. Қазіргі уақытта заңсыз берілген пәтерлерді қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Олар тұрғын үйге нақты мұқтаж адамдарға бөлінеді.