Ақтауда жүздеген үлескерді алдаған құрылыс компаниясының басшысы қамауға алынды

Ол 2017-2022 жылдары тұрғын үй кешені құрылысын аяқтаймын деген желеумен үлескерлердің 400 млн теңгеге жуық ақшасын иемденген
Sputnik
АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Маңғыстау облысының орталығында жүздеген үлескерді алдап кеткен құрылыс компаниясының басшысы ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Ақтауда "Атамекен" тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмай қалған. Салымшылардың сеніп тапсырылған ақшалай қаражатын иемдену және талан-таражға салу фактісі бойынша "Багис" ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Тергеу барысында ЖШС директоры 2017 жылдың наурызы мен 2022 жылдың қыркүйегі аралығында тұрғын үй кешені құрылысын аяқтаймын деген желеумен 119 үлескердің ірі көлемде 400 млн теңгеге жуық ақшалай қаражатын иемдегені анықталды. Компания басшысына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды", - дейді агенттік мамандары.
Қазіргі кезде тергеу шаралары жалғасып жатыр, қосымша сот сараптамалары жасалады.
Шығыс Қазақстан облысында үлескерлер құрылыс компаниясына алданып қалды