АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында пациент "Цеф-3" препаратына аллергия бар екенін айтса да, медицина қызметкерлері ол дәріні еккен. Ер адам анафилаксиялық шоктан қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Патриот" Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Марқұмның інісі Арман Мақашевтың айтуынша, 40 жастағы ағасы портал арқылы ота жасатуға келген.
"Ол бірден "Цеф-3" пен новокаинге аллергия бар екенін ескерткен. Дәрігерлер білегіне көк түсті білезік тағып берді. Ондай білезік сол дәрілерге аллергия бар екенін білдіреді. Бірақ палатаға кірген медбике "Цеф-3" препаратын еге салған. Төрежан қызарып, тынысы тарыла бастаған. Содан көп ұзамай, қайтыс болды. Отаны бастаған да жоқ", - деді Мақашев.
Төрежан Мақашев қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жұмыс істеген. Марқұмның артында үш баласы мен келіншегі қалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізді. Тексеру кезінде дәрігерлердің жұмысынан кемішіліктер анықталды. Соның салдарынан пациент анафилаксиялық шоктан қайтыс болған.
Ал полицейлер қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары басталып кетті.