Еуро-2024: Қазақстанның қарсыласы кімдер болуы мүмкін

Еуропа чемпионаты 2024 жылы 14 маусымда басталады
Sputnik
АСТАНА, 3 желтоқсан – Sputnik. Германияның Гамбург қаласында 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтті. Ал Қазақстанның футбол федерациясы ұлттық құрама Еуро-2024 чемпионатына шыққан жағдайда кімдер қарсылас болатынын жариялады.
"Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024-ке шыққан жағдайда "F" тобында Түркия, Португалия және Чехия командаларымен кездеседі", - дейді федерация мамандары.
Еуропа чемпионаты 2024 жылдың 14 маусымында басталады. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына шығу үшін алдымен Грекияны, содан соң Грузия – Люксембург жұбының жеңімпазын ұтуы керек.
Ұлттар лигасының плей-офф матчтары 2024 жылдың 21 және 26 наурыз күндері өтеді. Ұлттар лигасы плей-офф кезеңі: Жартылай финал 21.03.2024. Грекия – Қазақстан. (Афина, Грекия). Финал 26.03.2024. Грекия/Қазақстан – Грузия/Люксембург. (Грузия/Люксембург).