АСТАНА, 3 желтоқсан - Sputnik. Әскерде жүрген спортшылар әлем чемпионатында 8 бірдей медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Бакуде өткен чемпионатқа 18 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Олардың қазақстандық әскерилер де бар. Грек-рим күресінен армия балуаны Аманғали Бекболатов 55 келі салмақ дәрежесінде Иран, Ресей, Түркия спортшыларынан басым түсіп, шешуші жекпе-жекте әзербайжандық Фарида Садиклиді жеңді.
Еркін күрес шеберлері Рүстем Мырзағалиев (79 кг), Айнұр Әшімова (57 кг) және Ирина Кузнецовалар (62 кг) екінші орынға ие болды. Ал Нұрсұлтан Азов (125 кг), Мейіржан Әшіров (70 кг), Әділ Оспанов (65 кг) және Дәулет Теміржанов (57 кг) қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Қазақстан Қарулы күштері әлем додасына еркін және грек-рим күресінен 19 балуанды апарған болатын.