Өңірлер

Қорғалжын қорығында инспекторлардың туыстары шөп шауып, мал жайған

Облыстық прокуратураның қадағалау актісі бойынша заң бұзған инспекторлар жұмыстан шығарылды
Sputnik
АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары мен басшылығы ерекше қорғалатын аумақты күзету режимін бұзды, деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.
Қорық инспекторлары басшылықтың келісімімен ерекше қорғалатын аумақта заңсыз шөп шабу және мал жаю жұмысын ұйымдастырған. Соның салдарынан қорыққа айтарлықтай шығын келтірілген.
Қорық аумағына инспекторлардың жақын туыстарына тиесілі 700-ден астам жылқы жіберілген.
"Қорық режимін бұзғаны және өкілеттіктерін қызмет мүддесіне қайшы пайдаланғаны үшін 3 инспектор, оның ішінде табиғи кешендерді қорғау бөлімінің басшысы қызметінен босатылды", - делінген хабарламада.
Қорық басшылығына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Маңғыстауда Каспий итбалығын сақтау үшін үш мемлекеттік табиғи қорық құрылады