Экономика

Дубайда Тоқаевтың қатысуымен бірқатар құжатқа қол қойылды

Оның арасында жел электр станцияларын салу туралы келісімдер де бар
Sputnik
АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Ақорда Дубайдағы климат жөніндегі дүниежүзілік саммит (СОР28) аясында қол қойылған құжаттардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Саммит кезінде Қазақстанның және басқа да елдердің мемлекеттік органдары мен бизнес-құрылымдары арасында бірқатар келісімге қол қойылды. Осы рәсімге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Негізгі құжаттар:
Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жел электр станциясын (1 ГВт) салу жобасын жүзеге асыру туралы үкіметаралық келісім;
ҚР Үкіметі, "Ақтас Энерджи" ЖШС мен TotalEnergies компаниясы арасындағы "Жамбыл облысы Мирный кенті аумағында қуаты 300 мегаватт/600 мегаватт-сағат болатын энергия жинақтаушы аккумуляторлық жүйені пайдалана отырып, жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын электр станциясын әзірлеу, салу және пайдалануға беру" жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісім;
Қазақстан энергетика министрлігі, "Самұрық-Қазына" АҚ мен Біріккен Араб Әмірліктері инвестициялар министрлігі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында жалпы қуаты 10 ГВт болатын төмен көміртекті энергетиканы дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
Qazaqstan Investment Corporation компаниясы мен ADQ арасындағы стратегиялық серіктестік бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
"Самұрық-Қазына" АҚ мен ACWA Power компаниясы арасындағы энергия жинақтау жүйесі арқылы жиынтық қуаты 1 ГВт болатын жел электр станцияларын салу жөніндегі жобаны бірлесіп әзірлеу туралы келісім;
"Самұрық-Қазына" АҚ мен PresightAI компаниясы арасындағы цифрландыру және ақпараттық технология саласындағы жобаларды іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім;
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен AD Ports Group компаниясы арасындағы Қазақстанда кеме жөндеу және кеме жасау кәсіпорнын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен Abu Dhabi Ports Group компаниясы арасындағы бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім;
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "SAFC" ЖШС мен SEFE Marketing & Trading компаниясы арасындағы орман-климаттық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы мен Emirates Nuclear Energy Corporation компаниясы арасындағы табиғи уран концентраттарын тасымалдау туралы келісім.
Айта кетері, Тоқаев Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясы аясында Дубайға барды. Сол жерде Арал мәселесін көтерді.
2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өтеді.
2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өтеді