АЛМАТЫ, 2 желтоқсан – Sputnik. Алматыда XI халықаралық "Бастау" студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өтеді. 10 жылдан астам тарихы бар бұл шараның мақсаты мен маңызы қандай екенін Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Биылғы "Бастау" кинофестивалі 12-16 желтоқсан аралығында өтеді. Шымылдығы режиссер Елдар Қапаровтың "Соғыс тұтқыны" тарихи драмасының премьерасымен ашылады. Фильмде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестік тұтқында болған жас жапон жігіті, императорлық мектептің курсанты Ахико Тецуроның шынайы тарихы мен тағдыры суреттелген. Лагерьде жас жапон соғыстың нағыз батыры, Кеңес Армиясында қызмет еткен және Берлинге шабуыл жасауға қатысқан қазақ жауынгері Әкежанмен кездеседі. Ол кейін Жапон соғысына жіберіліп, онда жарақат алып, тұтқынға түскен. Қайтып оралғаннан кейін Әкежан "сатқын және халық жауы" ретінде сотталған.
"Фильмді продюсерлер Борис Чердабаев және Әлия Увальжанова бастаған халықаралық команда түсірген. Жапондар жақтан Сано Синдзю және Шуичи Есимура болды. Басты кейіпкерлердің рөлдерін Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) сомдады", - дейді “Бастау” кинофестивалінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жанкелді Өмірәлиев.
Ал фестивальге келсек, дәстүрлі түрде Tanaris Production және A-Team кинокомпанияларымен Алматы қаласы әкімдігі және Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Кинофестивальдің басты мақсаты – жас кинематографистерді қолдау.
2011 жылы өткен алғашқы "Бастау" фестивалінде жас режиссер-аниматор, кешегі Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА түлегі Адай Әбілдинов "Аңшы" жұмысы үшін үздік мультфильм жүлдесіне ие болған. Фестивальге қатысып қанатын қатайтқан жас кинотүсірушілер – бүгінде кино саласында өзіндік қолтаңбасы бар майталмандар.
"Кез келген шығармашылық адам үшін оның еңбегін көпшіліктің бағалағаны өте маңызды. Қалтарыста жатқан қаншама жақсы өнер туындылары бар. "Бастау" кинофестивалі сондай өнер адамдарына мүмкіндік үшін өмірге келген шара. Жас кинорежиссерлердің туындыларын халыққа көрсететін жол. Сол үшін де біздің фестивальді "Бастау" деп атадық", - дейді "Бастау" фестивалінің негізін қалаушы және тұрақты президенті Сергей Әзімов.
Сергей Әзімовтің айтуынша, 11 жыл бойы өтіп келе жатқан кинофестивальдің тарихы тым әріде жатыр.
"Тарихы сонау 1982 жылы басталған еді. Кеңес үкіметі кезінде Бүкілодақтық кинофестиваль және басқа да фестивальдер өтіп жататын. Украинада ғана жастар фестивалі өтетін, ол 70-ші жылдары басталған еді. Аяғынан нық тұрған, қолдаушылары да мықты болатын. Содан жас қазақ кинематографистері жиналып, өзіміздің жаңа фестиваліміз қажет деп шештік", - дейді Сергей Әзімов.
Кинофестиваль бірден танымал бола кетпеген, өйткені арада кейбір қиындықтар да болды. Бірақ алғашқы бастаманы сол кездегі республикалық комсомол ұйымы да, кинематографистер одағы да қолдаған. Ұйымдастырушылардың шаужайынан қағып, ешкім кедергі болмаған. Әрине, ұйымдастырушылардың өздері мүмкіндіктеріне күмән келтірген де сәттер болған. Десе де, халықаралық "Бастау" фестивалі біртіндеп құлашын кеңге сермеген.