Қоғам

Ұлттық банк телефон алаяқтығының жаңа схемасы туралы ескертті

Алаяқтарға алданып қалған азаматтар құқық қорғау органдарына шағымдануы керек
Sputnik
АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Ұлттық банк жасанды интеллектінің көмегімен жасалатын телефон алаяқтығы жиілеп кеткенін ескертті.
Ұлттық банктің ақпаратынша, алаяқтар кез келген адамның жақын туыстары мен таныстары туралы ашық дереккөздерден алдын ала ақпарат жинайды. Ашық дереккөзге әлеуметтік желілер, қорғалмаған дерекқорлар мен интернетте жарияланған дербес мәліметтер жатады. Осыдан кейін алаяқтар дауыс жазбасын жасау үшін белгісіз немесе анонимді телефон нөмірлерінен қоңырау шалады.
"Қаскөйлер дыбыстық жазбалар мен жасанды интеллект көмегімен өңделген бағдарламаларды пайдаланып, дербес деректерді немесе ақша алу үшін өздерін алаяқтық құрбаны болатын адамның туысы немесе жақыны ретінде таныстырады", - деп ескертті ведомстводағылар.
Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды белгісіз нөмірден қоңырау шалынған кезде қырағылық танытуға, дербес деректерді жария етпеуге, мобильді қосымшаларды орнатпауға, ұялы телефонға қашықтан кіру рұқсатын бермеуге және телефон арқылы сөйлесу барысында алынған нұсқаулар бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аудармауға шақырды.
Алаяқтық схемаларына тап болған адамдар құқық қорғау органдарына шағымдануы керек.
Интернет алаяқтық неге ұзақ тергеледі – министрлік себебін түсіндірді