АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Қазгидромет 2-4 желтоқсан күндеріне ауа райы болжамын ұсынды.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері белсенді атлантикалық циклон және онымен байланысты атмосфералық ағымдардың әсерінен елдің басым бөлігінде жаңбыр және қар жауады.
3 желтоқсанда солтүстік-батыста және солтүстікте, 3-4 желтоқсанда шығыста, 4 желтоқсанда оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда қатты жауын-шашын күтілуде. Жауын-шашынмен қатар республиканың солтүстік жартысында көктайғақ пен бұрқасын болжанып отыр.
Республика бойынша тұман түседі, 15-29 м/с жел соғады. 3 желтоқсанда солтүстік-батыста және солтүстікте желдің екпіні кей уақытта 30 м/с және одан жоғары болады.
4 желтоқсаннан бастап ел аумағына суық ауа массалары енеді. Соның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде температура күрт төмендейді.
Солтүстік-батыс және солтүстікте түнгі сағаттарда 7-21 градус аяз, ал республиканың орталығы мен шығысында 5-15 градус аяз болжануда. Оңтүстік өңірлерде ауа температурасы 0-5 градусқа дейін түседі.