Хостелдегі өрт: ғимаратты жалға беруші ұсталды

Ведомство мәліметінше, құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды
Sputnik
АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Арнайы прокурорлар "Алматы-Хостел" ғимаратындағы өрт оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеуге кірісті, деп хабарлайды Бас прокуратура.
"30 қараша күнгі "Алматы Хостел" ғимаратындағы өрт оқиғасына байланысты ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Өрттің шығу себебі мен алғышарттарын анықтау мақсатында оқиға орнына тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, өзге де жедел-тергеу іс шаралары ұйымдастырылуда.
"Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші А. Мухамедъяров ұсталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды.Тергеу аясында хостелдің қызмет көрсетуіне қатысы болған барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деп хабарлады ведомство.