АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. 2021 жылы Атырау облысында жекеменшік компания ұзындығы 200 метрден асатын газ құбырын төмендетілген бағамен және заңды бұза отырып сатып алғаны анықталды. Бұл туралы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында айтылды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында тауарлық газды тасымалдау саласындағы заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесі қаралды", - деп жазылған хабарламада.
Бас прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде 2021 жылы жекеменшік компания Атырау облысында ұзындығы 200 метрден асатын газ құбырын төмендетілген бағамен және заңды бұза отырып сатып алғаны анықталды. Атап айтқанда, "QazaqGaz" ҰК" АҚ ұлттық операторының газбен жабдықтау нысандарын сатып алуға басым құқығы туралы заң нормасы бұзылған.
Талқылау нәтижелері бойынша комиссия газ құбырын беру жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті материалдарды сотқа жолдау туралы шешім қабылдады. Алдағы уақытта оны өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды газбен қамтамасыз ету үшін пайдалану жоспарланып отыр.
Премьер-министр осыған ұқсас жағдай қалыптасқан басқа да бірқатар кәсіпорында тиісті жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті.