АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Өскеменде үлескерлер бір жылдан бері қоныс тойын тойлай алмай жүр. Көпқабатты үй 2022 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі керек еді, бірақ құрылыс тоқтап қалды.
Клиенттер алдын ала төлем жасап, кейбіреулері шаршы метрді толығымен сатып алған. Адамдар бар ақшамызды жұмсадық, тіпті қарызға баттық деп шағымданды. Ал жақында олар құрылыс компаниясының олардан ақша алуға мүлдем құқығы болмағанын білді, деп хабарлады КТК.
Нұрғазиновтар отбасы бар қаражатын салынып жатқан үйге салған. Тіпті Семейдегі жалғыз пәтерін де сатып жіберген. Енді жалдамалы пәтерді паналауға мәжбүр.
"Қазір баспанасыз отырмыз. Жалдап тұрып жатырмыз. Өзім зейнеткермін. Олар кездесуден кейін құрылыс жүріп жатқандай көрініс жасау үшін екі-үш адамды жұмысқа алған деп ойлаймын. Мұны көреміз де, бір-бірімізге екі-үш адам ғана жүргенін хабарлаймыз", - деді Әсия Нұрғазинова.
Құрылысқа 80 отбасы қаржы салды. Көбі қарызға батқан. Енді үлескерлер алданып қалғандарына сенімді.
Жақында олар құрылыс салушының олардан ақша алуға құқы болмағанын білді. Компания көпқабатты үйді өз қаражатына салуы қажет болған. Жұмыстың өзі де жоспарға сай жүргізілмегені белгілі болды.
Нысандағы тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттамадағы заң бұзушылықтар анықталған. Бірақ шенеуніктер бұл құрылысқа ешқандай кедергі жасамауы керек дейді.
"Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтатуға ешқандай шара қолданбаған, яғни құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғаса береді", - деді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Самат Қайырдинов.
Үлескерлер әкімдік пен облыстық экономикалық тергеу департаментіне арыз жазып үлгерген. Олар компанияны алаяқтықпен айналысады деп айыптап, бұрын оның құрылтайшысының үстінен осы бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.