АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Сенатор Руслан Рүстемов ұлттық кейіпкерлердің бірегей бейнесін жасап, балалар арасында кеңінен насихаттауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде балалар көбінесе шетелдік мультфильмдерді көреді. Ал ұлттық жыр-дастандардағы қаһармандарды танымайды.
"Балалардың санасында еліктеушілік тудыратын батыр бейнелерді қалыптастыру керек. Біз ұлттық жыр-дастандардағы Алпамыс, Ер Төстік, Қобыланды, Ер Тарғын, ел қорғаған Бөгенбай, Қабанбай және тағы басқа батырлардың, сондай-ақ, Саққұлақ, Көлтаусар, Таусоғар сынды кейіпкерлердің бірегей бейнесін жасай алмай келеміз. Бұл кейіпкерлер кітаптарда, анимациялық фильмдерде автордың қиялына сәйкес әртүрлі бейнеленіп жүр. Сол себепті балалар олардың танымайды, еліктемейді", - деді Рүстемов сенаттың бүгінгі отырысында.
Осы орайда сенатор мәдениет және ақпарат министрлігі балалар еліктейтін кейіпкерлердің бірегей бейнесін анықтауы керек деп санайды. Соны ғана пайдалануды міндеттеу қажет.
"Сонда ғана балалар Бэтмен, Спайдермен сынды жасанды қаһармандардан бөлек өз батырларымыздың кейіптерін санада бірегей бейнеде сақтайды. Ал ұлттық кейіпкерлеріміз бен жыр-дастандарымызға негізделген шығармашылық өнімдерді субсидиялау мүмкіндіктерін қарастырған жөн", - деп атап көрсетті Рүстемов.