АСТАНА, 30 қараша - Sputnik. Хостелдегі қайғылы оқиғаға байланысты төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов бірінші рейспен Алматыға ұшып шықты, деп хабарлады Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Атығаев.
Ол сондай-ақ қаза тапқандардың арасында қанша шетел азаматы бары әзірге белгісіз екенін айтты.
"Өртті сөндіру барысында хостелге айналдырылған жертөледен 13 адамның денесі табылды. Қазіргі уақытта олардың кім екені анықталмаған, өрттің себебі анықталып жатыр. Әкімшінің айтуынша, мұнда шетелдіктер – Өзбекстан мен Пәкістан азаматтары, сондай-ақ қазақстандықтар да тұрған", - деді Атығаев.
Оның айтуынша, бұл хостелдің ашылғанына небәрі 1,5 ай болған. Жұмыс істеуге рұқсаты болмаған.
"Жертөлені тұрғын үйге айналдыруға тыйым салынған. Өрт дабылы бар, ол жұмыс істеді, алғашқы өрт сөндіру құралдары жоқ", - деп толықтырды ТЖД бастығы.
Хостелде қаза тапқан 13 адамның азаматтығы туралы нақты ақпарат жоқ деп қосты қалалық әкімдік.