АСТАНА, 28 қараша — Sputnik. Астанада өткен дөңгелек үстелде құқық қорғаушылар зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлады Хабар 24.
Олардың пікірінше, зорлық, ұрып-соғудың кез келген түріне ауыр жаза қарастырылуы қажет. Сонымен қатар тұрмыстық қатігездікке ұшырағандарға қолдау керек дейді жиналғандар.
Елімізде жыл сайын әрбір 6-шы әйел түрлі қысымға ұшырайды екен. Өткен жылдың өзінде әйелдерге қатысты 61 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген.
Сондай-ақ әйел құқығын қорғау және балалар қауіпсіздігі туралы заң жобасы аясында ел бойынша 150 ауданда отбасы мен балаларды қолдау орталықтары ашылады.
"Біз ең алдымен жазаны күшейтіп, Қылмыстық кодекске енгізу керек деп есептейміз. Онсыз ешқандай өзгеріс болмайды. Мемлекет тарапынан да айыпталуы керек. Әйтпесе қылмысты дәлелдеу үшін әйелдің өзі жүгіруі керек болады. Ал зорлық көрген әйел қалай жүреді?!", - дейді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның мүшесі Айман Омарова.