Он айда 104 мың жаңа жұмыс орны ашылды: Түркістан әкімі кедейшіліктің азайғанын мәлімдеді

Бүгінде облыста бала туу көрсеткіші жоғары
Sputnik
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде кедейшіліктің азайғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде облыста бала туу көрсеткіші жоғары. Соның нәтижесінде адам басына шаққанда жиынтық табыс төмендейді, көпбалалы отбасылар да әлеуметтік көмекке көп жүгінеді.
"Дегенмен жұмыспен қамту шараларының арқасында соңғы үш жылда кедейліктің деңгейі 3,6 пайызға төмендеген. Биыл 110 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту шаралары жоспарланса, он айда 104,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды", - деді Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әкімнің айтуынша, "10 мың адамға – 100 жаңа жұмыс орны" бастамасы аясында 26 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ал өз кәсібін ашамын деген 1 688 адам қайтарымсыз грант алды. Жастарға арналған 2,5 проценттік кредит те берілді. Оны 583 адам рәсімдеді.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады", - деп атап көрсетті Сатыбалды.