Алматыда АХАЖ бөлімінің экс-басшысы нәрестелерді сатқан – сот үкімі шықты

Сот үкімімен АХАЖ-дың экс-басшысы 14 жылға, ал екі көмекшісінің әрқайсысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Sputnik
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Алматыда сәби сатумен айналысқан қылмыстық топқа сот үкімі шықты, деп хабарлады қалалық сот.
Сотталушылар бұған дейін бірінші сатыдағы үкім бойынша кәмелетке толмаған балаларды сатып алып-сатқаны және сыйға тартқаны, ұйымдасқан топты құрғаны және оған жетекшілік еткені және жалған құжаттарды бірнеше мәрте дайындағаны үшін кінәлі деп танылған болатын.
"2018 жылдан бастап 2022 жылғы наурызға дейін А есімді АХАЖ-дың бұрынғы қызметкері балаларды сатып алу-сату және басқа да мәмілелер бойынша 4 эпизодты өз бетінше жасаған. Ол қылмыстық топ құрып, оның құрамына С және Е есімді жұмыссыз екі адамды кіргізген. Бұл қылмыстық топтың мақсаты - жаңа туған сәбилерді сатып алу-сату және басқа да мәмілелер жасау арқылы табыс табу болған", - деп жазылған соттың хабарламасында.
А есімді сотталушы қылмыстық топқа жалпы басшылық жасап, туу туралы куәліктер жасаған. Қалған сотталушылар жаңа туған сәбиінен бас тартатын және жаңа туған бала асырап алғысы келгендерді іздеумен айналысқан.
"Іс бойынша барлығы 12 жаңа туған сәбиге қатысты сатып алу-сату және сыйға тарту мәмілелері жасалған", - дейді сот.
Қылмыстық қудалау органы балаларынан бас тартқандарға және асырап алу үшін сатып алған адамдарға қатысты қылмыстық істі тоқтатқан. Өйткені олар өз ісіне өкінетіндерін айтып, кешірім сұраған.
Прокурор соттан айыпкерлерге 9 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
"Сот үкімімен АХАЖ-дың экс-басшысы 14 жылға, ал қалған екі көмекшісінің әрқайсысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды", - деп түйіндеді қалалық сот.