Қазақстанда тауар биржаларына қатысты мемлекеттік бақылау күшейтіледі

Қазақстандық нарықта қазір жұмыс істеп тұрған10 тауар биржасының 9-ы – микробизнес субъектісі, біреуі шағын бизнеске жатады
Sputnik
АСТАНА, 28 қараша - Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында Қазақстандағы тауар биржалары мен олардың қатысушыларына қойылатын талаптарды күшейтуді талап етті. Ол биржалық сауда-саттыққа үлкен үміт артылғанымен, биржалар оны әлі толық ақтамағанын айтты, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Хабарламада жер қойнауын пайдаланушылардың өз қажеттіліктері үшін биржаларды пайдалануы басты проблемалардың бірі болғаны атап өтілді.
"Бүгінгі таңда биржалық нарықтың басым бөлігі жергілікті қамтуды сақтау бойынша міндеттемелері жоқ осындай сатып алуларға қызмет көрсетуге шоғырланған. Нәтижесінде жыл сайын 1 триллион теңгеден астам қаражат біздің бизнеске түспейді. Олай болмауы керек. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары елімізде жұмыс істеуі тиіс. Жергілікті қамтуды кеңейту, өндірісті әртараптандыру маңызды", - деді Әлихан Смайылов.
Тағы бір мәселе, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған он тауар биржасының тоғызы микробизнес субъектісі, біреуі шағын бизнеске жатады.
"Бұл оларға өте төмен салық аударымдарын жасауға және тексерулерден аулақ болуға мүмкіндік береді", - деді премьер-министр.
Сонымен қатар, 2022 жылы биржалық мәмілелер айналымы 2,5 трлн теңгеден, ал осы жылдың 10 айында – 1,6 трлн теңгеден асты.
Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев ведомствода биржалық сауда мәселелері бойынша заң жобасы әзірленгенін, ол үш міндетті шешуге тиіс екенін айтты:
биржаларға қойылатын реттеуші талаптарды қатаңдату және мемлекеттік бақылауды күшейту;
жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу рәсімдерін айналып өтуін болдырмау;
отандық өндірушілердің ашық сауда құралдарына қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Атап айтқанда, заң жобасында тауар биржаларын шағын және миркокәсіпкерлік субъектілері санатынан шығару көзделген.
Заң жобасында тауар биржаларының қаржылық тұрақтылығын арттыру ұсынылады. Жарғылық капиталдың мөлшері 600 мың айлық есептік көрсеткішті құрайды, бұл шамамен 2 млрд теңге. Кепілдік қоры – 100 мың АЕК.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларға ұқсас биржалық сауда-саттықтың жосықсыз қатысушыларының тізілімі енгізілетін болады.