АСТАНА, 27 қараша - Sputnik. Қазақстан өңдеу үшін 5 мың тоннаға дейін сиыр етін бажсыз импорттай алады, деп хабарлады ЕЭК баспасөз қызметі.
"Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі ет өнімдерін өндіруге арналған ірі қара мал етінің жекелеген түрлерін кедендік баждан босату түрінде тарифтік жеңілдік беру туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.
2024 жылы ет әкелу көлемі мынадай болады:
Армения Республикасы үшін - 8,5 мың тоннаға дейін,
Беларусь Республикасы үшін - 7,5 мың тоннаға дейін,
Қазақстан Республикасы үшін - 5 мың тоннаға дейін,
Қырғыз Республикасы үшін - 3,5 мың тоннаға дейін,
Ресей Федерациясы үшін - 100 мың тоннаға дейін.
Комиссияның айтуынша, кедендік-тарифтік реттеу Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы ет шикізатының тапшылығын толықтыруға, өңдеуші кәсіпорындардың дайын ет және шұжық өнімдерін өндіруді дамытуға, осындай өндірістің өзіндік құнын төмендетуге, сондай-ақ дайын өнім бағасын қымбаттатпауға бағытталған.
Тарифтік жеңілдік уәкілетті орган әкелінетін тауардың нысаналы мақсатын растаған жағдайда, тек қана өнеркәсіптік өңдеуге және дайын өнімді өндіруге арналған ірі қара мал етіне ғана берілетін болады, деді ЕЭК.
"Мұндай ет шикізатына негізінен ішкі нарықта өндірілетін жоғары сапалы сиыр еті жатпайды. ЕАЭО-дағы ет шикізатының тапшылығы негізінен Латын Америкасы мен Үндістан елдерінен импорттық жеткізілімдер есебінен өтеледі", - деп хабарлады комиссия.
Осы мәселе бойынша комиссия кеңесінің шешімімен ІҚМ еті, сондай-ақ оны пайдалана отырып өндірілген дайын өнімді түпкілікті пайдалану бойынша тиісті шектеулер көзделген, деп еске салды ЕЭК.