ПЕТРОПАВЛ, 28 қараша – Sputnik. Петропавлда сепаратизм туралы атышулы іс бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төрт сотталушы 7 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 19 наурызда мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтіп жатқан кезде Солтүстік Қазақстан университетінің колледж ғимаратында Петропавлдың 19 тұрғыны жиналды. Жиналыстың күн тәртібінде Халықтық жұмысшылар кеңесін қайта жандандыру мәселесі болды. Жиналғандар төраға мен хатшыларды сайлаған, олар декларацияны оқыды. Бұл құжатта Қазақстан Республикасының мемлекет ретінде жалған екендігі және КСРО құрамында Қазақ КСР-і өмір сүруін жалғастыру қажеттігі туралы айтылған.
Халықтық кеңес сонымен қатар елдің жеке куәлігі мен азаматтығын қабылдамайтынын мәлімдеді. Жиналыс хаттамасында жиналыс Қазақ КСР аумағында өткізілгені, социалистік республика өмір сүрген кезде қолданыста болған Петропавлдың пошталық индексі де көрсетілген.
Сотталушылар орнында Халық кеңесінің ең белсенді төрт мүшесі болды: ұйымдастырушы 48 жастағы автодәнекерлеуші Вячеслав Зудерман және үш белсенді - 40 жастағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған Елена Болдырева және 52 жастағы мұғалім Мадина Қапарова, жиналыста хатшылар болып сайланған және декларацияның мәтінін оқыған, сондай-ақ символизмді жасаған 37 жастағы сатушы Ольга Бережнова отырды.
Кеңестің қалған мүшелері куәгер ретінде тартылды.
Сот сотталушыларды Қылмыстық кодекстің 179 - бабының 2-бөлігі "Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту" және 180-баптың 2-бөлігі "Сепаратистік әрекет" бойынша кінәлі деп таныды. Сонымен қатар Зудерманға оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін айып тағылды. Өйткені оның пәтерін тінту кезінде шкафында тапанша патроны табылған.
"Сот үкімімен Зудерман 9 жыл, Болдырева 7 жыл, Қапарова 7 жыл және Бережнова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлығы орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді", - деп үкімді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин оқыды.
Бережноваға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы жойылып, сот залында қамауға алынды.
Сотталушылар өз кінәсін мойындамады. Олардың айтуынша, Петропавл қаласы еңбекшілерінің халықтық кеңесін құрудағы мақсаттары - әртүрлі жағдайларда адамдарға құқықтық көмек көрсету, қала проблемаларын шешу, қаланы көгалдандыру мен құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасасу болған.
Сотталушылар бұл іс оппозициялық арнаның олар туралы жасаған ролигінен туындаған үлкен резонанстың салдары дегенді айтады. Айтпақшы араздықты қоздырғаны үшін бейнеролик авторларына жақында іздеу жарияланды.