Министр қызылша ауруы көп тіркелген аймақтарды атады

Биыл елде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелген
Sputnik
АСТАНА, 28 қараша - Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният үкімет отырысында қызылша ауруы бойынша жағдайды баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, биыл әлемде кезекті рет қызылша ауруына шалдығу көрсеткіші өсті. Ал иммунитеті жоқ халықтың жиналуы инфекцияның жаңа толқынына ықпал етіп отыр. Қазіргі кезде 167 елде қызылша бойынша жағдай күрделі.
"Бізде осы жылы қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның ішінде 82 пайыздан астамы балаларға тиесілі. Ол балалардың басым бөлігі вакцина алмаған",-деді Ғиният.
Қызылша барлық өңірде тіркелген. Инфекцияға шалдыққандардың көбісі Шымкентте тұрады. Ол жақта 3 мыңнан астам адам қызылшаны жұқтырған.
"Алматы қаласы мен Жамбыл облысында 2 мыңнан астам жағдай, ал Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан астам жағдай тіркелген. Сырқаттанушылықтың күрт өсуі қыркүйек айынан бастап, яғни, оқу жылында ұйымдасқан ұжымдарда, балалардың жиналуына байланысты байқалды. Соның нәтижесінде сырқаттанушылықтың деңгейі екі есеге өсті", - деп атап көрсетті министр.