АЛМАТЫ, 28 қараша – Sputnik. Астанада 17 жастағы бозбала мұздың астына түсіп кетті, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
Оқиға 27 қарашада Астана қаласындағы Ақбұлақ өзенінде болған.
"Өзен үстіндегі жұқа мұзбен жүрген бозбала мұз астына түсіп кеткен. Абырой болғанда оны оқиға куәгері құтқарып қалған. Бала ауруханаға жатқызылды", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Төтенше жағдайлар министрлігі өзенде мұз әлі қатпағанын, қауіпсіздікті қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
"Жаяу адамды көтеретін мұздың қалыңдығы кемінде 10 см болуы керек", - дейді министрлік мамандары.
Мұзға шықпас бұрын оның беріктігіне көз жеткізу керек. Ешқашан аяқпен теуіп тексеруге болмайды.
"Мұз бетінде жарықшақ пайда болғанда үрейленіп, шапшаң қимыл-қозғалыс жасамаңыз, кеңірек қадам жасап жағаға қайтыңыз, тіпті болмаса еңбектеңіз. Тұман, қар, сондай-ақ түнде мұз үстіне шығуға мүлдем болмайды", - деп ескертті төтенше жағдайлар министрлігі.
Өткен күзгі-қысқы кезеңде еліміздің су айдындарында көлікпен жүрген 12 адам мұз астына түсіп, оның 3-еуі көз жұмды.