АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) қандай да бір ақаулар анықталмаса, бірден Қара теңізге мұнай жөнелтуді қайта бастауы мүмкін, сонда Қазақстан мұнай өндіруді қысқартуға мәжбүр болмайды. Бұл туралы РИА Новости агенттігіне Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қоры жетекші сарапшы Игорь Юшков хабарлады.
Юшковтың айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіруді азайту үшін алдымен КҚК резервуарларын, одан кейін Қазақстан аумағындағы қорларды толық толтыру керек. Осыдан кейін ғана жағдай өндіріске әсер етуі мүмкін. Бірақ сарапшының пікірінше, "апатты ештеңе болмайды".
"Қазір олар КҚК аясындағы шығыңқы айлақ құрылғыларын тексереді. Егер ештеңе бүлінбесе, дауыл тоқтағаннан кейін жақын арада жөнелтуді бастауға болады. Бұл – бірнеше күнге созылатын жұмыс. Жалпы содан кейін өндірісті азайтудың қажеті болмайды", - дейді сарапшы.
Юшков өткен жылы жөнелтулер толығымен тоқтап, кейін ішінара қайта басталғанын еске салды. Жылдың соңында 2021 жылғы деңгейге жетті.
"Біз жеткізуді тоқтата тұру тәжірибесі бар екенін көріп отырмыз, бірақ кейін олар көлем бойынша межеге жетіп жатыр. Менің ойымша, қазірдің өзінде ешқандай апатты жағдай болмайды. Ресейде де ештеңені әдейі бәсеңдетпейді", - деп түсіндірді сарапшы.
Еске салсақ, Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы мұнайды ауыстырып тиеуді тоқтатты. Қараша бойы болған теңіз дауылы Новороссийск теңіз портында мұнайды ауыстырып тиеуге бірнеше рет кедергі келтірген.