Павлодар облысында екі жыл құлдықта болған ер адам табылды

Осы қылмыс үшін 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған
Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Қазақстанның екі облысында адамды заңсыз бас бостандығынан айыру қылмысы анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Абай облысында полицияға келген әйел ағасының жоғалып кеткенін хабарлаған. 50 жастағы ер адамның психикалық ауытқулары бар. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары бірден іздеу шараларына кірісіп, екі ер адамды ұстады. Олар жоғалған Семей тұрғынын алдап, ұялы телефонын алып қойған. Кейіннен 200 шақырым шалғай жердегі шаруа қожалығына апарып тастаған. Сол жерде жұмысқа жеккен.Осылайша, зардап шеккен ер адамды екі апта бойы ұстаған.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 128-бабы (Адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Павлодар облысында да осыған ұқсас қылмыс анықталды.
Павлодар облысында 36 жастағы ер адамды бейтаныс біреулер қорқытып, ормандағы аңшылар үйіне апарып тастаған. Сол жерде екі жыл бойы заңсыз жұмысқа жеккен. Зардап шеккен ер адам туған-туыстарына қайтарылды. Қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал адамдар тобымен алдын ала сөз байласумен жасалған әрекет үшін 7 жылдан 9 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы бар. Кінәлі адамдардың мүлкі тәркілінеді.