Өңірлер

Павлодар облысында дауылдан 200-ден астам нысанға зақым келді: олар қашан жөнделеді

Қатты желден 117 ауыл жарықсыз қалған
Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Павлодар облысында дауылдан шатырлары ұшып, зақымдалған әлеуметтік нысандар мен үйлерді 10 желтоқсанға дейін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір басшысы Асайын Байханов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Павлодар облысында 18-19 қараша күндері екпіні 37 м/с қатты жел тұрған.
Әкімнің айтуынша, дауыл салдарынан үш қала мен алты ауданда 83 әлеуметтік нысан, 63 көппәтерлі тұрғын үй және 84 жеке тұрғын үй зардап шекті.
"Жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Зақым келген нысандарды биыл 10 желтоқсанға дейін қалпына келтіру жоспарланып отыр", - деді Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ дауылдан электр беру желілерінің 100-ден астам тірегіне зақым келді, 246 апаттық ажырау салдарынан 117 елді мекен жарықсыз қалды.
"Бірінші тәулікте 99 ауылға жарық берілді. Қалған 18 ауылда құлаған ағаштарды жинау, зақымдалған трансформаторлық станцияларды қалпына келтіру сияқты жұмыстар жүргізілді. 22 қарашадан бастап облыстың барлық елді мекенінде электр энергиясы қалпына келтірілді", - деді өңір әкімі.
Павлодар облысында дауыл 40-тан астам ғимараттың шатырын ұшырып әкетті