Маңғыстауда "Қаратұрын" кен орны бес айдан бері өртеніп жатыр – әкім не дейді

Кен орнында өрт 9 маусымда басталған болатын
Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Маңғыстау облысында маусым айынан бері өртеніп жатқан "Оңтүстік Қаратұрын" кен орнындағы апат жыл соңына дейін толығымен жойылады. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімнің айтуынша, кен орнындағы өрт әлі сөндірілмеген.
"Қаратұрын" кен орнындағы апат әлі жойылған жоқ. Компания апат келесі айдың соңында толығымен жойылады деп сендіріп отыр. Қажетті шаралар жүргізілуде", - деді Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол экология департаменті тиісті зерттеулер жүргізгенін атап өтті. Кен орнында метан рұқсат етілген концентрациядан асып кеткен. Бірақ жақын маңдағы елді мекендерде мұндай байқалмайды.
Ноғаев өрт сөндірілгеннен кейін экология департаменті экологиялық кодеске сәйкес тиісті шара қабылдайтынын айтты.
Еске сала кетейік, "Оңтүстік Қаратұрын" мұнай-газ кен орнында 9 маусымда сағат 03:25-те бұрғылау құралының көтерілуі салдарынан газ-су қоспасы бөлінді. Шығып жатқан газдың қысымы жоғары болғандықтан ұңғыма өртеніп жатыр.