Маңғыстауда метанмен жүретін жаңа автобустар қатынайды

Жаңа автобустарда газ моторлы қозғалтқыштарды пайдалану ауаға тарайтын зиянды қалдық көлемін азайтуға ықпал етеді
Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Маңғыстау облысында метанмен жүретін жаңа автобустар сатып алынды. Жуырда тағы 90 автобусты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақтауда қалалық бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын 30 жаңа автобус өз жұмысын бастады. Сондай-ақ жаңа автобустар "Ақтау – Әуежай" бағытында қатынайды. Жақын арада метанмен жүретін тағы 90 автобусты пайдалануға беру жоспарлануда.
"Жаңа автобустарда газ моторлы қозғалтқыштарды пайдалану ауаға тарайтын зиянды қалдық көлемін азайтуға және субсидиялау саласында бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға ықпал етеді", - деді Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жаңа автобустар жергілікті бюджеттен және "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ қаражаты есебінен сатып алынған. Жергілікті бюджет есебінен – 1,1 млрд теңге, қалған соманы Өнеркәсіпті дамыту қоры қаржыландырды. Барлық автобус ауаны баптау жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және мүгедектігі бар адамдарға арналған пандуспен жабдықталған. Жалпы жоба 9,2 миллиард теңгеге бағаланады.
Әкімнің айтуынша, автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін облыста алғаш рет ерекше газ құю станциясы — метан станциясы пайдалануға берілді.
Өңір басшысы негізгі мақсат Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Ол сондай-ақ аймақтағы сұйытылған газды тұтынудың жоғары көрсеткіштерін атап өтіп, метанды пайдалану сұйытылған газға жүктемені төмендететініне сенім білдірді.
"Біздің мақсатымыз – Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтамасыз ету, автобустарды күту уақытын қысқарту және жолаушылар тасымалы нарығына жаңа сапалы автобустар ұсыну", - деді облыс әкімі.