Газа секторындағы бітім босатылған әр 10 тұтқын үшін бір күнге ұзартылады

Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Газа секторындағы бітім кепілге алынған әрбір он адамды босатқаны үшін бір күнге ұзартылады, деді ХАМАС-тың Ливандағы өкілі Усама Хамдан LBCI телеарнасына берген сұхбатында. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
"Егер ХАМАС немесе "әл-Кассам" бригадалары (қозғалыстың әскери қанаты – ред.) басқа тұтқындарды тапса, бітім әрбір он кепілге алынған адам үшін бір күнге ұзартылады", - деді ХАМАС өкілі.
Палестина қозғалысының өкілі бітімді ұзарту кепілге алынғандардың санына байланысты болатынын түсіндірді.
"Біз бітімді ұзарту үшін күш саламыз және ұзарту немесе ұзартпау туралы шешім кепілге алынғандардың санына байланысты қабылданады", - деді Хамдан.
Сәрсенбіде Израиль мен ХАМАС Катардың делдал болуымен 7 қазанда қақтығыс ушыққаннан бері алғашқы ауқымды келісімге қол жеткізгені белгілі болды: тараптар әрқайсысы ондаған тұтқын мен қамауға алынғандарды айырбастау үшін төрт күн бойы соғыс қимылын тоқтатуға келісті.
Бітім жұма күні таңертең басталды. Мәміле шарттарына сәйкес ол ең көбі он күнге созылуы мүмкін. Келісім аясында Газа секторына күн сайын гуманитарлық көмек тиелген 200 жүк көлігі және жанар-жағармай мен тұрмыстық газы бар төрт көлік кіреді.
Сонымен қатар осы уақыт ішінде қамауға алынған 300 палестиналыққа айырбас ретінде екі кезең бойынша 100-ге дейін израильдік тұтқын босатылуы мүмкін. Алғашқы төрт күнде 50 тұтқынды қайтарады деп күтілуде.
Түрлі ақпарат көздеріне сәйкес, ХАМАС 150-ге жуық израильдікті тұтқында ұстап отырған болуы мүмкін. Қозғалыстың өзі Газа секторында 200-250-дей тұтқын бар екенін мәлімдеді.