АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Астанада "Hi-tech" жедел-алдын алу шарасы аясында 50 адамды алдап кеткен екі алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Біреуі әлеуметтік желілер арқылы инвестициямен ақшаны көбейтіп беремін деп жарнама жасалған. Оған 20-дан астам адам сеніп, барлығы 2 миллион теңге аударып берген. Қазіргі уақытта күдіктіден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Ал тағы бір ер адам қамауға алынды. Ол 30 адамды 20 миллионға алдап кеткен. Күдікті мессенджер арқылы қолма-қол ақшаны көбейту және криптовалютаны тиімді сатып алу туралы жарнама жасап, біраз адамның сеніміне кірген. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары басталды.
Айта кетері, 20-22 қарашасы аралығында республика аумағында "Hi-tech" ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Ол үшін аумақтық департаменттерде жедел қызметкерлер, сондай-ақ тергеу және криминалистикалық бөлімшелер қатарынан мамандандырылған жедел-іздестіру топтары құрылды. Үш күннің ішінде республика бойынша 120-дан астам киберқылмыс тіркелді.