Тәуелсіздік күнінің тарихы
1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер өз алдына жеке мемлекет болып шыға бастады. Солардың арасында Қазақстан да бар еді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы кеңес "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заң қабылдады. Сол сәттен Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталды.
Бір қызығы, Қазақстан одақ құрамындағы елдер арасында мемлекеттік егемендігін ең соңғы болып жариялады.
Еліміздің тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш Америка Құрама Штаттары мойындады. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Ал Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан зор жетістіктерге жетті және күрделі сын-қатерлерден өтті. 1993 жылы еліміз төл валютасын қолданысқа енгізді. Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Ядролық қарудан бас тартты. Шекарасын шегендеп, жаңа астанасын салды.
Бүгінде Қазақстан – БҰҰ-ның толыққанды мүшесі, Еуроодақ, МАГАТЭ, ЮНЕСКО және басқа да аса ықпалды халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтып отыр. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ЭЫДҰ секілді беделді халықаралық ұйымдар бар.
Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке
Тәуелсіздік күні отыз жыл бойы еліміздің басты ұлттық мерекесі болды. Бірақ былтыр заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, мейрам "ұлттық мереке" мәртебесінен айырылды. Енді ол мемлекеттік мереке және тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бәріміз тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек екенін атап өткен еді. Оның айтуынша, мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы.
"1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге", - деді мемлекет басшысы бір сөзінде.
Сондай-ақ 2022 жылдан бастап Тәуелсіздік күні тек бір күн – 16 желтоқсанда мерекеленеді. Сәйкесінше, қазақстандықтар сол күні демалады, ал 17 желтоқсан жұмысқа шығады.
Ал бұрын заң бойынша Тәуелсіздік күні 16 және 17 желтоқсан күндері аталып өтетін.
Биыл 16 желтоқсан сенбіге түсіп тұр. Мемлекеттік мереке болғандықтан, демалыс күні дүйсенбіге ауысады. Осылайша 2023 жылы азаматтар қатарынан үш күн – 16, 17 және 18 желтоқсан демалады.
Тәуелсіздік күні қалай тойланады
Дәстүр бойынша Тәуелсіздік күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік концерттер мен тағылымы мол іс-шаралар өтеді. Әлеуметтік нысандар іске қосылады. Мереке құрметіне қайырымдылық шаралар, спорттық сайыстар ұйымдастырылады.
Алматыда Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтары қойылады.