Атырау облысындағы сұйытылған мұнай газын сақтау паркіне 324 млн теңге айыппұл салынды

Sputnik
АЛМАТЫ, 26 қараша - Sputnik. Атырау облысындағы "Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 324 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті.
Ведомство прокурорлармен бірге серіктестікті тексерген. Нәтижесінде "Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі" ЖШС бірқатар заңды бұзғаны анықталған.
"Серіктестік өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдаланған. Мәні бірдей келiсiмдерге объективті түрде ақталмайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолданған. Сондай-ақ басқа субъектiлерге тауар нарығына кiруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергiлер жасаған. Контрагентке шарт нысанасына жатпайтын, экономикалық немесе технологиялық тұрғыдан негiзсіз шарт талаптарын күштеп таңған", - дейді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Істі Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қарады. Сот шешімімен компанияға ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1 бөлігі бойынша 324 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.