АСТАНА, 25 қараша – Sputnik.Жыл соңына дейін Қостанай облысында 44 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі таңда 10 жоба толық іске қосылды. Бұл туралытуризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қостанай облысының тұрғындарымен есептік кездесуде айтты, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Олардың қатарында Амангелді ауданындағы көпсалалы туристік кешен, Қостанайдағы қалалық жағажайды абаттандыру бойынша жұмыстар кешені, Рудный қаласында орналасқан қалалық мәдениет және демалыс саябағын абаттандыру бойынша екі жылдық жобаның жұмыстары аяқталды.
"Жалпы ел бойынша үкімет инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді жеңілдікпен қаржыландыру мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатыр", - депжазылған хабарламада.
Министр қазіргі таңда Қостанай облысының туристік әлеуеті толық көлемде пайдаланылмай жатқанын атап өтті.
"Біз еліміздегі барлық туристік мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Мәселен, Ертіс алабындағы табиғаты ерекше, суы ең көп Тобыл өзені туристерді қызықтыруы керек. Бірегей табиғи ландшафттары бар өзен аумағында экстремал, экологиялық және емдік-сауықтыру демалыс орындарын дамыту қажет. Бұл аумақ отандық туристерді ғана емес, сонымен қатар шетелдіктерді де қызықтыратын мекендеріміздің біріне айналуы мүмкін", - деді Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдана отырып 113 жаңа спорт нысаны салынып, қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылатыны аталып өтті.
Қостанай облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында "Тобыл-Арена" жабық футбол стадионы, "Қостанай" спорттық-ойын-сауық кешені, 50 метрлік жүзу бассейні және мұз спорт сарайы сияқты нысандар қайта жаңартылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ өңірде мамандандырылған спорт мектеп-интернат-колледжі ашылады.