АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында шетелдік серіктестерді Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға шақырды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Отырыста Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар талқыланды.
Премьер-министр Қазақстан үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа, яғни, екі есеге арттыру бойынша ауқымды міндет тұрғанын атап өтті.
"Біз ESG принциптерін ескере отырып, бұл уақытта кемінде $150 млрд шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттарға жету үшін еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі шаралар қабылдануда", — деді ол.
Әлихан Смайылов атап өткендей, Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі пленарлық отырысы "Қазақстанды жаңа индустрияландыру" тақырыбына арналады.
"Үкімет жұмысы инвестициялар көлемін ұлғайтуға, озық технологияларды трансферттеуге, өндірістерді локализациялауға және жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құруға бағытталған. Өңдеу секторын жедел дамытуға басымдық беріледі", — деді ол.
Оның айтуынша, бұл үшін қажетті заңнамалық база мен институционалдық орта қалыптастырылды. "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң қабылданып, жаңадан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.
"Үкімет экономиканың өсу серпінін сақтау және елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде барлық қажетті шараны қабылдайды. Біз шетелдік әріптестерімізді Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға шақырамыз", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Кеңес барысында Ernst & Young, TotalEnergies, Knauf, KPMG компанияларының өкілдері және ҚР орталық мемлекеттік органдарының басшылары сөз сөйледі.
Талқылау қорытындысы бойынша премьер-министр айтылған барлық ұсыныс пен пікірдің пысықталатынын атап өтті.
Сондай-ақ іс-шара аясында Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесін және жалпы республиканың инвестициялық ахуалын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етті.
Атап айтқанда, Coca Cola Içecek Kazakhstan, Microsoft, Baker & McKenzie, Cameco Kazakhstan, Chevron Corporation, Deloitte, Exxon Mobil, Glencore, Marubeni компанияларына және т. б. берілді.