Қазақстан мен СПЕКА елдерінің өзара сауда көлемі 10 млрд долларға жуықтады – Тоқаев

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сәйкестендірілді
Sputnik
АСТАНА, 24 қараша — Sputnik. Қазақстан мен БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы былтыр үштен бір есе артып, 10 миллиард долларға жуықтады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА елдері басшыларының бірінші саммитінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
Президенттің айтуынша, геосаяси тұрғыда бөлшектену белең алып, жаһандық экономиканың конъюнктурасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда СПЕКА-ның мән-маңызы арта түседі.
"Ортақ мүддені ескере отырып, СПЕКА-ны одан әрі дамыту жөнінде өз көзқарасымды ортаға салуға рұқсат етіңіздер. Орнықты даму қағидаттары мемлекеттеріміздің ұлттық стратегиялары мен бағдарламаларының өзегіне айналды. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сәйкестендірілді. Үкіметіміздің ең басты міндеті – сапалы білім беру мен денсаулық сақтау ісінің баршаға қол жетімді болуын қамтамасыз ету. Жуырда күшіне енген жаңа Әлеуметтік кодексте әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды қорғау тетіктері жетілдірілді", – деді президент.
Мемлекет басшысы елдің барлық азаматы әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогрестің пайдасын тең дәрежеде көре алатын инклюзивті келешекті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы осы мақсаттың үдесінен шығады.
"Сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге елдеріміздің мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Қазақстан мен СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Былтыр өзара сауда көлемі үштен бір есе артып, 10 миллиард долларға жуықтады. Таяу келешекте бұл көрсеткішті екі есе арттыруға толық мүмкіндігіміз бар деп санаймын", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев СПЕКА елдері бір-бірін бәсекеге қабілетті бағаға сай түрлі тауарлармен қамтамасыз ете алатынын атап өтті. Осы арқылы өзге елдерден келетін импортты қысқартуға болады.
"Қазақстан СПЕКА елдеріне жалпы сомасы 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. "Жасыл" дәліздер жасау, түрлі кедергілерді алып тастау сауда-саттық жөніндегі ынтымақтастығымызға, соның ішінде құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ықпалдастығымызға тың серпін береді. Сонымен қатар біз серіктестеріміздің тиісті ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз", – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА аясында елдеріміздің өнеркәсіп кооперациясы саласындағы әлеуеті жоғары деп санайды.
Бұл ретте энергетика, көлік-логистика, ауыл және су шаруашылығы салаларына арналған техника мен құрал-жабдықтардың инновациялық үлгілерін әзірлеу және оларды өндіру үшін машина жасау компанияларының тәжірибесі мен күш-жігерін біріктірудің келешегі зор.
Президенттің пікірінше, өндіріс саласында тең негізде ауқымды жобаларды жүзеге асыру аймақ мемлекеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайта түседі.
"Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ұмтылыс жасап отыр. Соңғы бес жылда біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін екі есе арттырдық. Қазір 80-нен астам елге өнім экспорттаймыз. Біз СПЕКА елдерімен осы бағытта белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз", – деді Қазақстан президенті.
Оның айтуынша, СПЕКА елдері арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты ынталандыратын құралдарды ойлап табуға айрықша мән берген жөн. Осыған байланысты экономикалық даму мен интеграцияға ықпал ету үшін БҰҰ аясында СПЕКА арнайы қорының (trust fund) негізін қалау аса өзекті.
"Арнайы бағдарламаның маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Қорға қаржылай үлес қосуға әзір", - деп түйіндеді президент.