Алматыда құрылысы бітпеген тұрғын үйлер бұзылуы мүмкін

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде қалада 1988 жылдан бастап консервацияланған 17 құрылыс нысаны бар
Sputnik
АСТАНА, 24 қараша – Sputnik. Алматы қаласында құрылысы созылып кеткен нысандарды тексеру шаралары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Жоспардан тыс тексеріске қала тұрғындары тарапынан түскен арыз-шағымдар себеп болды. Бүгінде қаңырап тұрған құрылыстар адамның өміріне қауіп төндіріп, балалардың ойын алаңына айналып кетті.
"Тексеріс нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жоюға ұйғарым беріліп, қажет болса оны мәжбүрлеп орындау үшін сотқа талап-арыз жіберіледі. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін сақалды құрылыстар бұзылуы мүмкін", - дейді әкімдік мамандары.
Құрылыс жұмысы тоқтаған немесе 6 айдан астам мерзімге созылған нысандар консервациялануы қажет.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде қалада 1988 жылдан бастап консервацияланған 17 құрылыс нысаны бар.