ҰҚШҰ елдерінің қауіпсіздігіне қатер төніп жатыр деп айта берудің қажеті жоқ – Тоқаев

Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады, деді Тоқаев
Sputnik
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамда өткен сессиясында ұйым аясындағы серіктестердің әдеттегі қауіп-қатер деңгейінің ұлғаюына, соның ішінде есірткі, қару-жарақ айналымының, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз миграцияның өсуіне қатысты алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.
Оның айтуынша, Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен бірге осы сын-қатерлерге алдағы уақытта да төтеп беруге әзір.
"Біз ҰҚШҰ қызметінің әдіс-тәсілі мен стратегиясын жолға қоя отырып, заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған", – деді Қазақстан президенті.
Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындайекенін атап өтті.
"Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістіктерін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр", – деп толықтырды ол.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның әлеуетін дамыту және сын-қатер мен қауіпке қарсы іс-қимыл тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін бір жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Президент 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Ұйымға төрағалық ететінін және осы кезеңде басымдық берілетін бағыттарды кеңейтілген құрамдағы жиын барысында жеткізетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ұйымды қарқынды әрі теңгерімді дамытуға, барлық мүше мемлекеттің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.