"Назарбаевқа айттым": Бас репродуктолог ерлер бедеулігінің негізгі себептерін атады

Вячеслав Локшин Қазақстанда әрбір 5-ші отбасы баланың болмауынан ажырасатынын атап өтті
Sputnik
АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Бедеулік немесе бедеу неке туралы не білеміз? Қоғамда соңғы жылдары жиі айтылатын осы проблема туралы ойланып көрдік пе? Өкінішке қарай Қазақстанда бала сүйе алмайтын отбасылар саны артып барады. Себебін Sputnik Қазақстан тілшісі Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының президенті, бас репродуктолог Вячеслав Локшиннен сұрап көрді.
Локшин 90-шы жылдардың соңында бедеулік проблемасын көтеріп, докторлық дисертациясын қорғаған. Сол жылдары бір ғана Алматыда отбасылардың шамамен 15 процентінде бала болмаған екен.
"Ол кездері бедеулік туралы айтылатын, бірақ зерттеу жүргізіліп, кең көлемде қозғалмайтын. Ал 2000-шы жылдары бұл проблемаға үкіметтің назарын аударсақ деген ой болды. Өйткені ЭКҰ бағдарламасының құны ол кезде 1000 доллар болатын. Яғни, ЭКҰ жасату үшін баласы жоқ отбасы кемінде 2 жыл тоқтамай жұмыс істеу керек", - дейді бас репродуктолог.
Оның айтуынша, ол уақытта туберкулез, қант диабеті деген аурулардың мәселесі өткір тұрған. Ал бедеулік туралы ешкім ойлана қоймаған.
Бүгінде бедеулікпен ауыратын науқастардың басым көпшілігі жеке клиникада ем алады, өйткені мұндай пациенттер өз диагнозын жариялағысы келмейді. Тіпті олардың дерегі "Диспансерлік науқастардың электронды тіркелімі" ақпараттық жүйесіне де енгізілмеген.
Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының дерегі бойынша "Д" есебінде "Бедеулік" диагнозымен 28 мыңнан астам әйел мен 4 мыңнан астам ер адам тұрады.
"2006 жылы президент Назарбаевтың алдында бедеулік мәселесін қозғадым. Ол кісі шын мәнінде осындай проблеманың өзекті екенін естіп, таңғалғаны бар. Сол сәттен бастап министрлік пен әкімдік бедеулік туралы ойлана бастады. Сөйтіп бірінші рет 2010 жылы ЭКҰ жасатуға 100 квота бөлінді. Сол кездегі денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың да үлкен көмегі тиді. Десе де бұл 100 квота қажеттіліктің небәрі 10%-ін ғана шешетін еді", - дейді Вячеслав Локшин.
Ол 2020 жылы 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында квотаны 7 есеге арттыру туралы бастама көтергенін еске салды.
"7000 квота бойынша шамамен 2000 бала дүниеге келуі керек. Қазақстандағы ЭКҰ бағдарламасы бойынша 2021 жылы 2500 бала туды. Жалпы бедеуліктен басқа да проблемалар бар. Айы-күні жетпей ерте босанатындар көп, әйелдердің денсаулығы нашар. Ерлі-зайыпты бір жылдан астам бала болмаса дәрігер көмегіне жүгіне бастау керек. Өйткені қазіргі күні жастар арасында бедеулік кеңінен белең алған", - дейді бас репродуктолог.
Оның айтуынша, негізі бедеуліктен зардап шегетін әйелдер 35%, ерлер 35%, ал қалған жағдайда екеуінен де кінә болады. Қазіргі күні еркектердің бедеулігі артқан. Ер адам бойындағы шәуеттің сапасы төмендеп барады.
2025 жылға дейін жыл сайын ЭКҰ-ға 7 000 квота бөлінеді. Осылайша, әр жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен алдын ала дайындалған 7 000 пациент ЭКҰ-мен қамтамасыз етіледі. Бұл жұмысқа жыл сайын 6 млрд теңге қаржы бөлінеді.
"Ер адамның бедеулігіне көбіне жыныс мүшесі арқылы берілетін жұқпалы аурулар, қан тамырларының кеңеюі себеп болады. Соңғы жылдары жыныс мүшесінде ақау бар ұл балалар дүниеге келіп жатыр. Әйелдер үшін консультация көп, бірақ ер адамдар барып қаралатын ондай консультациялар өкінішке қарай саусақпен санарлық. Тағы бір мәселе ер адамдар дәрігер көмегіне жүгіне бермейді", - деп толықтырды Вячеслав Локшин.
Оның айтуынша, 50-60 жастан асқан ер адамдарда да гормон бұзылады. Қазір тіпті қырық жастан асқан ер адамдар қан қысымы, жүрек талмасы сияқты ауруларға шалдығып жатады. Тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да гормонды терапия қабылдауы керек.
2021 жылы 1 қаңтарда "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап 20 мыңнан астам пациент экстракорпоральды ұрықтандыру әдісін пайдаланған. Бағдарлама аясында екі жылда 8 мыңнан астам жүкті әйел есепке тұрып, 4500 отбасында 5000-нан аса сәби дүниеге келді. Жасанды ұрықтандыруға жастар ғана емес, елуге таяған әйелдер де өтініш беретін сәттер көп, дейді маман.
"50 жасқа таяған әйелдерге ЭКҰ жасатуға кеңес бермес едім, әсіресе баласы бар әйелдерге. Өйткені жасың алпысқа таяғанда баланы мектепке жетектеп бару оңай емес деп ойлаймын. Сондай-ақ баланы аяғынан тік тұрғызу керек екенін де ұмытпаңыз. Қазіргі күні әйелдер орташа есеппен 29 жасында күйеуге шығады екен. Бұрын орташа есеппен 23-24 жасында күйеуге шығып, бірінші баласын 25 жасында босанатын. Қазір тұңғыш баласын 30-дан асып туып жатады. Бұл дұрыс емес", - дейді Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының президенті.
Өйткені жұмыртқа клеткалары тек 35 жасқа дейін еш ақаусыз эмбрион бере алады.
"35 жастан кейін бала туса, міндетті түрде перинатальды скрининг жасатамыз, өйткені баланың денсаулығы нашар болып тууы мүмкін", - деп түсіндірді ол.
Қазақстанда 32 000-нан астам бала "пробирка" арқылы дүниеге келген. Жалпы елде 31 экстракорпоральды ұрықтандыру орталығы жұмыс істейді, 19 клиника МӘМС шеңберінде мемлекеттік қызмет ұсынады. Оның үшеуі мемлекеттік мекеме.
Қазақстанда бедеу науқастар бюджет қаражаты есебінен ВРТ әдісімен емделе алады. Мемлекеттік бағдарламаны енгізудің арқасында 9050-ге жуық ЭКҰ тегін қаржыландырылып, нәтижесінде 3000-нан астам бала дүниеге келді.
"35 жасқа дейін бала туа алмаған әйелдер үшін бір жол бар. Ол – жас кезінде жұмыртқа клеткасын қатырып қою. Ал жасы қырыққа келгенде сол жұмыртқа клеткасы арқылы босана алады. Тіпті денсаулығы мықты бала туатынына кепілдік бар. Қазіргі күні мұндай әйелдер саны көбейіп барады. Бұл процедураның құны ЭКҰ бағдарламасынан сәл арзандау. Кем дегенде 15-20 жұмыртқа клеткасы қатырылады. Өйткені оны жүзеге асырарда барлық жұмыртқа клеткасы бірдей жарамды бола бермейді", - дейді репродуктолог.
Қатырылған жұмыртқа клеткасы арнайы клиникаларда сақталады, жылдық сақтау құны – 100 доллар. Мұздатылған әрі сау 20 жұмыртқа клеткасынан денсаулығы мықты бала шығатынына 80% кепілдік бар, дейді маман. Бірақ жұмыртқа клеткасын қатырып қойып, ат ізін салмай кететін әйелдер де бар көрінеді.
"Тағы бір мәселе, статистика бойынша 100 әйел жұмыртқа клеткасын қатырып қояды да, бес жылдан кейін небәрі 15 проценті ғана келеді. Өйткені күйеуге тиіп, баласын туып жатады. Ал кейбірі жасы 45-ке келгенше туу туралы әлі шешім қабылдамаған. Сондай-ақ шәуетін қатыратын ер адамдар да бар. Әсіресе соғысқа баратын адамдар шәуетін қатырып жатады. Сондай-ақ қандай да бір ауруға тап болып, химиялық терапия алатын ер адамдар осындай қадамға барады", - дейді бас репродуктолог.
Маманның айтуынша, 2021-2023 жылдар аралығында 21 000 отбасына ЭКО әдісі қолданылып, 10 000 астам бала дүниеге келді. Енді "Аңсаған сәби" бағдарламасы 2030 жылға дейін созылатын болды. Яғни, алдағы жеті жылда бедеулікке шалдыққан 49 000 отбасы аталған бағдарламаға қатысып, ата-ана атануына мүмкіндік бар.