Армения ҰҚШҰ-дан шығуды қарастырып жатқан жоқ – Сафарян

Армения сыртқы істер министрі басшысының орынбасары Мнацакан Сафарян елдің ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығуы, сондай-ақ Ресей әскери базасын елден шығаруы мүмкін бе деген сұрақтарға жауап берді
Sputnik
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Армения әзірге республиканың ҰҚШҰ-дан шығуы және Гюмриден ресейлік әскери базаны шығару туралы мәселені қарастырып жатқан жоқ, деп хабарлады Армения сыртқы істер министрі басшысының орынбасары Мнацакан Сафарян.
"Қазіргі уақытта біздің күн тәртібімізде қарастырылатын мұндай мәселелер жоқ", - деді Сафарян Арменияның ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығуы, сондай-ақ Ресей әскери базасын елден шығаруы мүмкін бе деген сұраққа жауап бере отырып.
Бүгін Минскіде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді.
Күн тәртібінде ұйым мүшелерінің өзара іс-қимылы, оның ішінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру мәселелері, сондай-ақ халықаралық және өңірлік проблемалар қарастырылады. Отырысқа Армения премьер-министрі Никол Пашиняннан басқа бірлестікке мүше елдердің барлық басшылары қатысады деп күтілуде.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы – төтенше жағдай туындаған кезде серіктес елдердегі жағдайды тұрақтандыру мақсатында ТМД мемлекеттері құрған әскери-саяси одақ. ҰҚШҰ-ға алты мемлекет кіреді: Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан. 2024 жылы Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді.