Ақтөбеде әкімдік фермерлердің бейбіт митингіге шығуына рұқсат етпей отыр – БАҚ

2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар газ бағасының көтерілуіне байланысты митингіден басталды
Sputnik
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысының шаруалары мемлекеттік органдарға 2023 жылдың 2 желтоқсанында бейбіт митингіге шыққысы келетіні туралы хабарлама жолдады, деп хабарлайды "АПК Новости" агенттігі.
"Ақтөбе" фермерлер орталығының төрағасы Марлен Баймағамбетовтың айтуынша, мемлекеттік органдар дәл сол күнге жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр деп, бейбіт митингіге рұқсат беруден бас тартқан.
"Біз митинг өткізгелі отырған Мәдениет үйі мемлекеттік мекеме. Сондықтан жөндеу жұмыстары алдын ала жоспарланып, оған мемлекеттік сатып алу жарияланады. Бірақ бұл туралы еш жерде ақпарат жоқ", - деп агенттік Баймағамбетовтің сөзін келтірді.
Көтерілетін мәселе көп болғанымен, олардың басым бөлігі "Аграрлық кредит корпорациясы" филиалына қатысты шағымдар екені айтылды.
Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы шаруалар газға қатысты қиындықтарға тап болған.
"Қазір көмірден газгольдерге көшіп жатырмыз. Бірақ бізге газ бөлінбейді, оны жанармай құю бекеттерінен де сатып ала алмаймыз. Қыста жылытуға газ бөлу мәселесі шаруалар үшін өте күрделі", - деді орталық басшысы.
Шаруалар әкім наразылыққа құлақ аспай жатқанын айтып, оны жұмыстан босату мәселесін көтерген. Дегенмен олар әлі де митинг өткізуді көздеп отыр. Қазір Мәрлен Баймағамбетов осы мәселемен айналысып жатыр.
2024 жылдың басынан сұйытылған газ бағасы көтеріле бастайтыны бұған дейін хабарланды.
Қазақстандағы 2022 жылғы қаңтар оқиғасы газ бағасының қымбаттауынан кейін Жаңаөзен мен Ақтаудағы митингілерден басталды. Кейін бүкіл елде жаппай тәртіпсіздік басталды. Қазақстан билігі төңкеріс жасамақ болғандар осы наразылықты пайдаланғанын мәлімдеп, тәртіпсіздіктерге террорист бандалары кінәлі деп айыптады. Қайғылы қаңтарда 230 адам құрбан болды.