АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Ұлытау облысында агроөнеркәсіп кешені саласында 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл туралы өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы ОКҚ-де өткен брифингте айтты.
"Статистикалық мәліметке сүйенсек, логистикалық шығындардың жоғары болуына және ірі агро құрылымдардың жоқтығына байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бізде қымбат. Облыс өзін тек үш өнім түріммен қамтамасыз етеді, қалған түрлері көршілес облыстардан әкелінеді",- деді Берік Әбдіғалиұлы.
Оның айтуынша, осыған байланысты агроөнеркәсіптік кешен саласында 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Осы шаралар аясында Жаңаарқа ауданында мал сою цехы бар 10 мың бас малға арналған мал шаруашылығы кешені, Жезқазған қаласында құс етін өндіретін құс фабрикасы, Сәтбаев қаласында құс етін қайта өңдеу цехы ашылып, Жезқазған қаласындағы ұн тарту кешені жаңғыртылады. Сондай-ақ кемінде 400 га алаңда картоп пен көкөніс өсіру, 100 га алқапта жем-шөптің ауыспалы егістерін құра отырып, құрғақшылыққа төзімді жемшөп дақылдарын өсіруді енгізу жоспарланып отыр.
"Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықты құс етімен, сүт өнімдерімен, картоппен және көкөніс өнімдерімен 30%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ өңірдегі бағаны тұрақтандыру үшін өңірлік Тұрақтандыру қоры құрылып, 4,5 мың тоннадан астам өнім сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінді.
"Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге жылдық 2,5 пайызбен 440 шағын несие берілсе, бүгінгі таңда 3,3 млрд теңгеге 415 өтінім қабылданған. Оның ішінде 1,3 млрд теңге болатын 162 өтінім мақұлданды.