АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда 300 жолаушылар вагоны жетіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде республикада 66 облысаралық маршрут қатынайды. Осы бағыттарда 13 тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді. Соның ішінде "Қазақстан темір жолы" және 12 жекеменшік компания бар.
Министрдің айтуынша, бүгінде жолаушыларды тасымалдау саласы республикалық бюджеттен субсидияланады.
"Бұл шаралар халықтың барлық тобы үшін жол жүру құжаттарының қолжетімді бағасын ұстап тұруға бағытталған. Қазіргі таңда билет бағасының орташа құны 8 мың теңгені құрайды", - деді Қарабаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, жолаушылар вагондарының жалпы саны 2 мың 567 бірлікке жеткен. Дегенмен әлі де 300 вагон қажет екен.
"Осыған байланысты жаңа заманауи жолаушылар вагондарын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жылы 162 бірлік жаңа вагон сатып алынды. Оның ішінде 76 вагон пайдалануға берілді, 24 вагон жыл соңына дейін беріледі", - деп атап өтті министр.
Ал келесі жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 62 вагон жеткізіледі. Оның басым бөлігін Петропавл қаласындағы вагон шығару зауыты өндіреді.