Енді тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерін онлайн режимінде жасауға болады

Мұндай онлайн сервиске Blockchain технологиялары және биометриялық сәйкестендіру пайдаланылады
Sputnik
АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үкімет отырысында жылжымайтын мүлік бойынша онлайн мәмілелер платформасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Енді жылжымайтын мүлікті, мысалы, үйді, пәтерді немесе кеңсені сатып алу немесе сату кезінде бұрынғыдай нотариусқа немесе ХҚКО-ға барудың қажеті болмайды.
Мұндай онлайн сервиске Blockchain технологиялары және биометриялық сәйкестендіру пайдаланылады.
"Әр объект бойынша жасалатын барлық іс-әрекет пен бейнематериалдар "электронды үкіметте" сақталады. Осылайша, бірнеше күнге созылатын процесс 1 сағатқа дейін қысқарады", - деп атап өтті Мусин.
Сонымен қатар тағы бір жоба – I-Qala таныстырылды. Бүгінгі таңда жаңадан пәтер алған азамат су, жылуды және т.б. қосуға келісімшарт жасау үшін коммуналдық қызметтерге баруға мәжбүр. Мұндай ауыртпалыққа жыл сайын 700 мыңнан астам адам тап болады, оны шешуге азаматтар 30 күнге дейін уақыт жұмсаған. Қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеңілдетілген формат енгізіп жатыр.
Осылайша, пәтер иесіне тиісті SMS жіберіліп, барлық коммуналдық шарт онлайн режимде жасалады. Осының арқасында оператор компанияларға бару қажеттілігі жойылды. Бүгінгі таңда елордада осылай 80 мыңнан астам шарт жасалды. Қазір бұл сервис Алматыда іске қосылып жатыр. Осындай жұмыс республиканың басқа өңірінде де жүргізіледі.