АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Алматыға қосымша пойыздар шығарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер жаңа жыл қарсаңында басталған билет тапшылығы мәселесін қозғады. ҚТЖ басшысы ондай проблеманың бар екенін растады.
"Иә, қазірдің өзінде Алматы мен Астанаға билет жоқ. Билет 45 күн бұрын сатыла бастайды. Демек адамдар алдын ала жоспар жасап, билет сатып алды. Осы жағдайға байланысты біз "Астана-Алматы" бағытында қосымша пойыздар шығарамыз”, - деді Сауранбаев.
Еске сала кетейік, бүгінгі үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда 300 жолаушылар вагоны жетіспейтінін мәлімдеген болатын. Осыған байланысты жаңа заманауи жолаушылар вагондарын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 162 жаңа вагон сатып алынды. Оның 76-сы пайдалануға берілді, 24 вагон жыл соңына дейін беріледі.