АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Шымкенттік полицейлер газға уланған ана мен баланы құтқарып қалды.
3 жасар ұлымен үйінде қалған қала тұрғыны газдан улану белгілерін сезінген. Үйінен шығуға әлі жетпеген әйел соңғы күшімен 102-ге хабарласыпты.
Патрульдік полиция полкінің инспекторлары Талғат Ибраев пен Медет Тұрлыбеков жетті. Жедел жәрдем бригадасы да дер кезінде көмекке келген.
Тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері терезені сындырып, баланы сол жерден шығарып алды. Әрі қарай есікті ашып, анасын да қауіпсіз жерге алып шықты.
"Ана мен балаға медициналық көмек көрсетілді. Қазір олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қажет болған кезде адамдарға көмектесуге асығу – міндетіміз", - дейді Талғат Ибраев.