Павлодарда төтенше жағдай жарияланады

Sputnik
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Павлодарда және қалаға жақын жерде болған қатты дауылдан кейін табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялауға шешім қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ашық НҚА" сайтында Павлодар әкімі Хасар Хабылбековтың шешімі жарияланды. Құжат жобасы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі қалалық комиссиясының кезектен тыс отырысының хаттамасы негізінде әзірленіп отыр.
"Павлодар қаласының, Павлодар қаласы Ленин кентінің, Павлодар қаласы Жетекші, Мойылды, Павлодар ауылдарының және Павлодар қаласы Кенжекөл ауылдық округінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою басшысы болып Павлодар қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасары тағайындалсын", - делінген құжатта.
Шешімнің жобасы ертеңге дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр. Одан кейін күшіне енеді.
Айта кетері, ондай шешімдер төтенше жағдайдың салдарын жылдам жою үшін қабылданып отырады. Сонда бюджет қаржысын бөлу және тағы басқа шараларды шұғыл атқарауға мүмкіндік бар.
Демалыс күндері қатты дауылдың салдарынан қалада 42 ғимараттың шатыры ұшып кеткен. 100 елді мекенде электр қуаты өшіп қалды.