Ішкі істер министрлігі бірнеше өңірде арнайы операция өткізді

Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 208 келі түрлі есірткі затын тәркіледі
Sputnik
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Ішік істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері бір айдың ішінде 160 қылмыскерді ұстады. Есірткінің ірі партиялары тәркіленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Алматы қаласында 24 жастағы жігіт ұсталды. Оның көлігінен сатуға дайындалған 1,2 келі мефедрон шықты. Ал Жамбыл облысының екі тұрғыны қалаға 152 келі гашиш алып келген.
Семейде интернет-дүкеннің есірткі жасырушысы болып жұмыс істейтін Павлодар облысының екі тұрғыны құрықталды. Олардан бір кг "а-PVP" психотроптық заты тәркіленді.
"Есірткі зертханасын ұйымдастырғаны үшін Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Тінту барысында оның жалдамалы пәтерінен есірткі жасау үшін пайдаланылатын жабдықтар, екі шыны колба, канистр және 1,5 келі мефедрон табылды", - дейді полицейлер.
Алматы облысындағы Ұзынағаш кентінде есірткі зертханасын ұйымдастырған Алматы қаласының тағы екі тұрғыны ұсталды. Үй жанындағы контейнерді тінту кезінде үш тоннадан астам прекурсор, электронды таразылар, реактор, шыны колбалар және 30 келі дайын мефедрон психотроптық заты тәркіленді.
Жалпы, осы айда ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 208 келі түрлі есірткі затын тәркіледі. 160 адам ұсталды.