АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Russia Today баспасөз қызметі ORDA Kazakhstan порталы таратқан жалған ақпаратты жоққа шығарды.
"Sputnik24 сайты RT холдингіне тиесілі емес. Жалған ақпаратқа алданып қалмаңыздар", - деп жазылған хабарламада.
Портал өзінің Telegram арнасында Sputnik24 сайтының бұғатталғанын жариялап, платформаның Ресейдің мемлекеттік RTхолдингіне тиесілі екенін хабарлады.
Бұл жаңалықты сайттың иесі туралы жалған ақпаратпен бірге Ксения Собчактың Telegram арнасы мен кейбір ресейлік БАҚ та таратты.
Осыған байланысты Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі түсініктеме берді.
"Министрлік Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау бойынша ақпараттық өрістің мониторингін тұрақты негізде жүзеге асырады.Интернет желісіне мониторинг жүргізу барысында ҚР аумағында есепке қойылмаған шетелдік телеарналарды тарататын ("FilmBox", "Футбол HD", "Звезда", "Пингвин" және т.б.) https://sputnik24.tv интернет-ресурсы анықталды", - делінген министрлік хабарламасында.
Ақпарат министрлігі https://sputnik24.tv интернет-ресурсы иесінің атына ҚР аумағында есепке қойылмаған шетелдік телеарналарды геоблокациялау бойынша шаралар қабылдау үшін ұсыныс хат жолдады.
"https://sputnik24.tv интернет-ресурсы иесінің есепке қойылмаған телеарналарды Қазақстан Республикасының аумағында геоблокациялау бойынша шаралар қабылдамауына байланысты, Министрлік 16.06.2023 жылғы № 23-01-2-23/2315 нұсқама негізінде аталған интернет-ресурсқа қол жеткізуді шектеу бойынша шаралар қабылдады", - деп атап өтті министрлік.