АСТАНА, 19 қараша - Sputnik. Сиань қаласында тұрақты жұмыс істейтін қазақстандық павильон ашу туралы келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігі.
Қазақстанның Бас консулдығы "Жібек жолы 7-ші халықаралық форумына" және Қытайдың "Шығыс-Батыс" ынтымақтастық, инвестициялық және сауда көрмесіне қатысты.
"Осы көрме аясында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы Сиань қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен тұрақты жұмыс істейтін қазақстандық павильон ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізді", - делінген СІМ хабарламасында.
Сонымен қатар, осы іс-шара аясында қаржы институттары мен жеке инвестициялық компаниялар өкілдерінің қатысуымен бизнес-конференция ұйымдастырылды.
Келіссөздер нәтижелері бойынша құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқару, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығын дамыту, азық-түлік тауарларының импорты мен экспорты және т. б. салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы он бес келісім мен меморандумға қол қойылды.